Мағжан Жұмабаев шығармашылығы туралы

Күллі алаш жұртының даңқты перзенті, күрескер тұлғалы кемеңгер ақыны – Мағжан Жұмабаев (Әбілмағжан Бекенұлы).

«Ақынның ақыны» атанған ойшыл қаламгер болашақ жайлы жиі ой қозғайтын. Бар болғаны қырық бес жыл ғұмыр кешкен (1893 жыл 25 маусым – 1938 жыл 19 наурыз) данышпан ақын барлық тақырыптарда өлеңдер мен ой- толғаулар жазған аса көрнекті дауылпаз азамат екені даусыз.

«Тар заман, тайғақ кешуде» ғұмыр кешкен ұлы бабамыз барлық арман- тілегін келешекке артып, болашақ жастардан ғана үміт күткен секілді.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін»- деген өлең жолдарынан үлкен ғұламалықты байқаймыз. Біздің ойымызша, өлмес өлең жазып, күндер, жылдар өтсе де құндылығын жоймайтын жырларды ескерткіш етіп қалдыру нағыз ақынның бақыты болса керек.

«Жұмсақ мінез жібектер,

Сүттей таза жүректер,

Қасиетті тілектер –

Мен жастарға сенемін!».

Ақ ниетті, пәк тілекті жалындаған жастар қауымы ұлтымыздың кемел келешегінің иесі екендігін әрдайым есте ұстау керектігін ескертеді. Мағжан келешек жастардың мейірім мен қайырымға бөленген тамаша мінезін, ананың ақ сүтінен нәр алған кір шалмаған таза жүрегін, жеке мүдде мен жалқы пенделіктен аулақ қасиетті тілегін армандайтынын аңғартып өтеді.

«Алаш- айбынды ұраны,

Қасиетті құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!».

Көріп отырғанымыздай, М. Жұмабаев келешек ұрпақты тар өрістіліктен аулақ болып, қазақ халқының, алаш жұртының айшықты азаматы болуға бағдар көрсетеді. Алланың хақ жолынынан адаспай қасиетті құранды қорған етіп имани жолдан адаспауға үндейді. Керек десеңіз, ұлттың ұлы мұраты жолында басын бәйгеге тігіп құрбан болудан да қаймықпауға шақырады.

Алдыңғы буынға мұрагер, кейінгі буынға бұйдагер болу ұлт тұтастығының үзілмес арқауы. Алаш ардагерлерінің балдырған жас кездерінде- ақ әлемдік ойшылдармен тең тұрған биік тұлғасы уақыт өткен сайын асқақтай түсетіндігі бізді таңқалдырады.

ХХІ ғасырда өмір сүріп, дамыған өркениеттердің қайнаған ортасында жасап жатқан біз секілді жастар «Бабалар бағындырған биіктің, олар жеткен тереңдіктің қай деңгейінде жүрміз?» деген жауап күткен сауалдардың бізді үнемі мазалайтыны шындық. Күрмеуі көп күрделі қоғамда елдің қамы түгілі өзіміздің жайымызды ойлай алмай жүрген жайымыз бар.

Мағжан жырларын оқып отырып:

Біз қандаймыз?

Алдамшы сезімдердің жетегінде кетіп, ұлттық рухтан көз жазып қалмадық па?,- деген ауыр ойлармен қамығып қаламыз.

3 стр., 1183 слов

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР-ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

... ға деген қамқорлығына ,әрине, бәріміз шексіз ризамыз. «Жастар жылы» – жастарға арналған зор мүмкіндік, онда бастау алатын «Жас маман» бағдарламасы жастарға ... көшуі өте дер кезінде қозғалған бастаманың бірі деп едім. Өйткені, тарихтан белгілісі, бұған дейін де қазақ халқ ... ам мұғалімі – рухани бай, әлеуметтік жетілген, шығармашыл тұлға. Өз ісінің маманы, педагогикалық әдіс – тәсілдердің қолданудың хас ...

«Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға,

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!»- деген бабалардың асыл мұратын ту етіп көтеріп, замана ауанын қапысыз меңгеріп, алаш жұртының мақтан етерлік ұлағатты ұрпағы бола алсақ қана алаш қайраткерлерінің бізден күткен үмітінің ақталғаны деп білемін! Жас достарға айтарым мынау: Елі үшін еңбек етер, мұратқа талмай жетер, балғын бала шақтан нұрлы болашаққа жарқын қадам жасайтын егеменді ел ертеңі біздер екенімізді әрқашан жадымызда сақтайық, тәуелсіз елдің ұландары!!!

Шуақ ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Дереккөз: «Мақала.кз» танымдық сайты